Шу қаласында аурухана қызметкерлері кәріз құдығында уланып қаза болды, деп хабарлайды
порталы.
Жамбыл облысының Шу қаласында аурухана аумағындағы кәріз құдығында болған қайғылы оқиғадан екі қызметкер көз жұмды.
Алдын ала мәлімет бойынша, кәріз жүйесін жөндеуге түскен сантехник өзін жайсыз сезініп, көмек шақырған. Оның дауысын естіген зертхана қызметкері әріптесін құтқару үшін шамамен үш метр тереңдіктегі құдыққа түскен. Алайда ол да есінен танып қалған. Кейін көмекке ұмтылған тағы бір қызметкер де құдықтан шыға алмай қалған.
Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, үшінші болып құдыққа түскен адам аман қалған. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасап, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Орын алған жазатайым оқиға бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарымен жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Аурухана әкімшілігі тергеу органдарына толық көлемде қолдау көрсетіп, жан-жақты ықпал етуде. Тергеу іс-шаралары аяқталғанға дейін расталмаған ақпаратты таратудан және ресми тергеу қорытындылары жарияланғанға дейін қандай да бір қорытынды жасаудан немесе пікір білдіруден аулақ болуларыңызды сұраймыз
Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда
Тергеу аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады.