Мазмұнға өту
qandastar.

Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы қызметкерлері марапатталды

Бақытжан Мұса
gov.kz
gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні аталып өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, агроөнеркәсіп саласының дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Мерекелік іс-шара облыстық филармонияның фойесінде ұйымдастырылған жергілікті өндірушілер өнімдерінің көрмесінен басталды. Көрмеде өңірде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің кең ассортименті таныстырылды.

Кейін концерт залында өткен салтанатты жиында облыс әкімі ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Нұрымбет Сақтағанов агроөнеркәсіп кешені Шығыс Қазақстан экономикасының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл еңбеккерлерінің, фермерлер мен өңдеу өнеркәсібі мамандарының қажырлы еңбегінің арқасында өңірде отандық өнім өндірісі артып, ауылдық аумақтар дамып келеді.

Облыс әкімінің мәліметінше, ауа райының күрделі жағдайларына қарамастан, өңір аграрийлері оң нәтижелерге қол жеткізген. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 460 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға өскен.

Шығыс Қазақстан бірқатар азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша республикада жетекші орынға ие. Атап айтқанда, өсімдік майы, тұзды ірімшік және бал өндіруден бірінші орында тұр. Ал балқытылған ірімшік, консервілер, жаңа ауланған балық және шұжық өнімдерін өндіруден екінші орынға жайғасқан.

Сонымен қатар өңір құс еті, қарақұмық жармасы, қымыз және құрт өндіру бойынша еліміздегі үздік үштікке кіреді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында сүт өндіру көлемі бойынша да Шығыс Қазақстан республикада үшінші орында.

Соңғы үш жылда агроөнеркәсіп кешені жобаларын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында жеті сүт-тауар фермасы салынып, кеңейтілді. Олардың жалпы қуаттылығы 5 300 басқа есептелген. Бұл шаруашылықтар жылына 40 мың тоннадан астам сүт өндіруге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кейбір фермалар Қазақстандағы үздік ондыққа енген.

Мал шаруашылығын дамыту мақсатында ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. 2026 жылы облыста 32 жаңа ветеринариялық пункт салу жоспарланған. Бұл ауыл тұрғындарына ветеринариялық көмектің қолжетімділігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мерекелік шара соңында облыс әкімі салаға елеулі үлес қосқан қызметкерлерді, ауыл шаруашылығы ардагерлерін және бірнеше номинация бойынша жеңімпаздарды марапаттады. Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Бөлісу: Telegram WhatsApp