Шығыс Қазақстан облысында өткен «Шығыс салбурыны – 2026» халықаралық фестивалінде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтап, қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ұлан ауданының Бозанбай ауылында, Бүркіттөбе тауының етегінде үш күн бойы VI халықаралық «Шығыс салбурыны – 2026» фестивалі өтті. Биыл шара алғаш рет Азия кубогы мәртебесінде ұйымдастырылды.
Фестивальге Қазақстан, Ресей, Венгрия, Испания, Грузия, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркиядан келген құсбегілік өнерінің шеберлері қатысты. Олар бүркіт, қаршыға, сұңқар және ителгі салып, дәстүрлі саятшылық өнерінің қыр-сырын көрсетті.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қадағалап, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Әкімшілік полиция басқармасы алдын ала қызметтік жасақтардың орналасу тәртібін ұйымдастырып, патрульдеу бағыттарын белгіледі. Сондай-ақ көлік ағынын реттеу және адам көп жиналатын орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына басымдық берілді.
Жұмылдырылған полиция бөлімшелерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде фестиваль штаттық режимде өтіп, қоғамдық тәртіп сақталды.