Конституциялық сот Алматы әкімдігінің Шымбұлақ шатқалына тек электромобильдердің кіруіне рұқсат беретін қаулысының бір тармағын Конституцияға қайшы деп таныды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Іс Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы Тұйықсу шатқалында тұратын азаматтың өтініші негізінде қаралды. Өтініш иесі әкімдік енгізген шектеу өз үйіне жетуіне және еркін жүріп-тұру құқығына кедергі келтіретінін айтқан.
Конституциялық сот Алматы әкімдігінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі №2/122 қаулысының заңдылығын тексеріп, Шымбұлақ шатқалына электр қозғалтқышымен жүретін көліктерден басқа көліктердің кіруін шектеу туралы шешім әкімдіктің құзыретіне жатпайтынын анықтады.
Соттың түсіндіруінше, мұндай шектеулер қоршаған ортаны қорғау мақсатында енгізілуі мүмкін. Алайда олар Конституция талаптарына сай қабылданып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін ескеруі тиіс.
Тексеру нәтижесінде Конституциялық сот аталған қаулының 1-тармағын Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.