Мазмұнға өту
qandastar.

Шымкент мектептеріндегі оқулық мәселесі: 170 мың кітап жетіспей, 110 мыңы жарамсыз болып шықты

Малика Хамит 13 қаралым
Шымкент мектептеріндегі оқулық мәселесі: 170 мың кітап жетіспей, 110 мыңы жарамсыз болып шықты

Шымкенттегі мемлекеттік мектептерде оқулық тапшылығы анықталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Тексеру барысында 170 мыңнан астам кітаптың жетіспейтіні, ал 110 мыңнан астам оқулықтың әбден тозып, пайдалануға жарамсыз күйге түскені белгілі болды.

Қаладағы оқулық қорының жай-күйін Еңбекші ауданының прокуратурасы тексерген. Нәтижесінде кітаптарды есепке алу мен жаңарту кезінде бірқатар заң бұзушылыққа жол берілгені анықталды.

Мәселен, соңғы үш жылда мектептердегі оқулық қоры оқушылар санына қарай түгенделмеген. Кітаптарды жаңарту мерзімі де сақталмаған. Ал сатып алынған оқулықтар мектептердің нақты сұранысын толық өтемеген.

Мұның салдары оқушыларға да әсер еткен. Мысалы, Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы бесінші сыныптарға арналған ағылшын тілі пәнінен 293 оқулық сұратқанымен, мектепке оның тек 90 данасы жеткізілген. Соның салдарынан оқушылар бүлінген мұқабасы бар, түптері жыртылған, тіпті кейбір парақтары жоқ кітаптарды пайдалануға мәжбүр болған.

Прокуратураның араласуынан кейін 46 мыңнан астам оқушы қажетті оқулықтармен қамтамасыз етілді. Заң бұзушылықтарға жол берген 73 адам тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Бұдан бөлек, Шымкент әкімдігі оқулық қорын есепке алуды реттеу үшін «Alaqan» электрондық кітапхана жүйесін енгізді. Жаңа жүйе кітаптардың есебін жүргізуге және мектептердің оқулыққа деген қажеттілігін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, тексеру кезінде қаладағы жалпы оқулық қорының шамамен 74%-ын құрайтын 2 миллионға жуық кітапты жаңарту қажеттігі анықталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp