Шымкентте мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жасырын интернет-казиноның жолы кесілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған.
Тергеу барысында қала тұрғыны арнайы мобильді қосымша арқылы онлайн-казино ашып, оның жұмысын үйлестіріп отырғаны анықталған. Қылмыстық схема үшін «Техас холдем» покеріне арналған қосымша пайдаланылған. Онда «Vendetta» және «AMG600L» атты клубтар құрылып, кейін олар «Nomad» желісіне біріктірілген.
Бұл клубтар тәулік бойы жұмыс істеп, тек Қазақстаннан емес, Өзбекстан мен Қырғызстаннан да ойыншылар тартқан. Клиенттерді көбейту үшін мессенджерлер арқылы жарнама жіберіліп, түрлі бонустар ұсынылған.
Ойыншылар банк шоттарына ақша аударып, есесіне виртуалды «фишкалар» алған. Ұтыс болған жағдайда қаржы қайтадан картаға аударылып отырған. Ұйымдастырушылар әр үстелден 3–5 пайыз комиссия алып, тұрақты табыс тапқан.
Қаржы ізін жасыру үшін «дропперлердің» шоттары, соның ішінде шетел азаматтарының есепшоттары пайдаланылған. Әр шот үшін 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін сыйақы төленген. Жалпы ақша айналымы 557 миллион теңгеден асқаны белгілі болды.
Тінту кезінде ұйымдастырушының үйінен есірткі заты табылып, тәркіленген. Қазір екі күдікті үйқамаққа алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Белгілі болғандай, кейбір ойыншылар 30 миллион теңгеге дейін қаржылық шығынға ұшыраған. Мамандар онлайн-казинолардың бақылаусыз әрі қолжетімді болуы жастарды тәуелділікке тез тартатынын ескертеді.