Шымкентте «Bingo-37» және «Lotoboom» онлайн-платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған екі адам төрт жылға сотталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Екі платформаның жалпы айналымы 3,1 млрд теңгеге жеткен.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тергеуді аяқтап, істі сотқа жолдаған.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар WhatsApp арқылы адамдарға құмар ойындарға қатысуды ұсынып, қызығушылық танытқандарға арнайы аккаунт ашып берген. Оларға жүйеге кіру үшін логин мен пароль, сондай-ақ ақша аударуға арналған банк шоттарының деректемелері жіберілген.
Ақша қабылдау және ұтыстарды төлеу үшін 14 адамның атына ашылған банк шоттары пайдаланылған. Олар дроппер ретінде қолданылған.
Заңсыз ойын бизнесінен түскен кіріске ұйымдастырушылар 200 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алған. Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza және SsangYong Rexton маркалы автокөліктер, сондай-ақ екі жер учаскесі бар.
Сот үкімімен екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық жолмен алынған кіріске сатып алынған мүліктің барлығы мемлекет кірісіне тәркіленді.