Шымкент қаласының Қаратау ауданындағы Нұрсат шағын ауданында орналасқан кафеде өрт шықты. Төтенше жағдайлар қызметінің жедел әрекетінің арқасында жалынның бүкіл ғимаратқа таралуына жол берілмеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан кафедегі тоңазытқыш өртеніп, кейін жалын төбе жабынына таралған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері оқиға орнына 8 минут ішінде жетіп, өртті 50 шаршы метр аумақта сөндірді.
Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалпы ауданы 300 шаршы метр болатын ғимаратты жалыннан аман алып қалуға мүмкіндік туды.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
ТЖМ өкілдері азаматтарға электр сымдарының жарамдылығын үнемі тексеріп, электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану қажеттігін ескертті.