Грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы болған спортшы Әділ Тілектес электр тоғынан қаза тапты. Оқиғаға қатысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қайғылы жағдай туралы ақпарат Telegram-дағы Halyqstan арнасында жарияланды. Онда Әділ Тілектестің жұмыс барысында жоғары кернеулі кабельге жақындап, биіктен құлағаны жазылған.
Әділ Тілектес 2019 жылы грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионы атанған. Кейін отбасын асырау мақсатында кәсіби спорттағы мансабын тоқтатып, Шымкенттегі керамикалық тақта шығаратын зауытқа жұмысқа орналасқаны айтылды.
Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, кәсіпорын аумағында жұмысшының қаза болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамды жұмыс барысында электр тоғы соққан. Ол алған жарақатынан қайтыс болған. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп хабарлады полиция.
Ведомство өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайлары жарияланбайтынын атап өтті.