Мазмұнға өту
qandastar.

Шымкентте студенттерді «қағаз жүзінде» оқытып, бюджеттен миллиардтаған қаржы алған

Малика Хамит · · 316 қаралым
Шымкентте студенттерді «қағаз жүзінде» оқытып, бюджеттен миллиардтаған қаржы алған

Шымкентте колледждер арқылы жалған оқыту схемасын ұйымдастырды деген күдікпен бірнеше адамға қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2018-2023 жылдары «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» басшылығы бюджет қаражатын заңсыз алу схемасын құрған.

Іс материалдарына сай, азаматтар оқу орындарына формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде білім алмаған. Соның арқасында мемлекеттік білім беру тапсырысы мен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында бюджеттен қаржы алынған.

Тергеу нұсқасы бойынша, схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және басқа да тұлғалар қатысқан. Құжаттарды рәсімдеу кезінде жалған бұйрықтар жасалып, электрондық цифрлық қолтаңбалар пайдаланылған. Сонымен қатар орындалған жұмыстар туралы жалған актілер толтырылған.

Тергеу барысында медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған кейбір студенттердің мемлекет есебінен білім алушылар ретінде рәсімделгені анықталған. Ал «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемегені айтылды.

Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,3 млрд теңгеден асқан.

Тергеу дерегінше, схеманы ұйымдастырды деген күдікті соңғы үш жыл бойы бас бостандығынан айыру орнында отырғанына қарамастан, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарған.

Қазір күдіктілердің бір бөлігі 65 млн теңге көлеміндегі шығынды өтеген. Сот шешімімен 3 пәтерге, оның ішінде Дубайдағы пәтерге, сондай-ақ тұрғын үйлер мен автокөліктерге тыйым салынды.

Екі күдікті қамауға алынды. Тағы үш адамға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp