Шымкентте жол-көлік оқиғасынан кейін жанармай таситын көлік аударылып, отқа оранды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Өкінішке қарай, жүргізуші оқиға орнында қаза тапты.
Оқиға 18 қарашада сағат 15:58 шамасында Тұран ауданындағы Ташкент тасжолында болған. 112 қызметіне жанармай таситын көліктің өртеніп жатқаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына жоғары дәрежедегі шақырту бойынша өрт сөндірушілер жіберілді. Құтқарушылар жеткен кезде жол апатынан аударылған көлік толығымен жанып жатқан. Сонымен қатар, жолға төгілген жанармай да тұтанған.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары 60 шаршы метр аумақтағы өртті сөндірді. Алайда көлік кабинасынан ер адамның мәйіті табылды.
Қазір жол апатының себептері мен мән-жайын полиция анықтап жатыр.