Мазмұнға өту
qandastar.

Шымкентте жеке сатушыдан алынған сушиден отбасы мүшелері ауруханаға түсті

Бақытжан Мұса 23 қаралым
magnific.com
magnific.com

Шымкентте жеке сатушыдан сушиге тапсырыс берген бір отбасының мүшелері жедел ішек инфекциясымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қалада жедел ішек инфекциясына қатысты бес топтық жағдай тіркелген.

Мамандар мұндай жағдайларға жеке гигиена талаптарының сақталмауы, тағамды сақтау кезінде температуралық режимнің бұзылуы, өнімдердің дұрыс сақталмауы және алдын ала дайындалған тағамдарды тұтыну себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

Әсіресе жеке сатушылардан дайын тағам сатып алу қауіпті. Себебі тұтынушы өнімнің қай жерде және қандай жағдайда дайындалғанын білмеуі мүмкін.

«Олардың бәрі өз бетінше ашылған жеке тамақ сату нүктелерінде дайындалып, тапсырыс бойынша жеткізетін жеке тұлғалардан суши алдырған. Нәтижесінде жедел ішек инфекциясымен ауру жағдайлары тіркелді», – деді Шымкент қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Мамандар ыдыс-аяқтың дұрыс жуылмауы, өнімдердің тиісті жағдайда сақталмауы және тағам дайындау кезінде санитариялық талаптардың бұзылуы да инфекция таралу қаупін арттыратынын ескертті.

Дәрігерлер дайын тағамды тұтынғаннан кейін денсаулық жағдайы нашарлаған жағдайда медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Сонымен қатар сатып алуды растайтын чек, сатушымен хат алмасу, тағамның фото немесе видеосы, қаптамасы және медициналық құжаттар сияқты дәлелдерді сақтап қойған жөн.

Зардап шеккен азаматтар тұрғылықты жері бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгіне алады. Ал материалдық және моральдық зиянды өтеу мәселесі сот тәртібімен шешіледі.

Бөлісу: Telegram WhatsApp