Шымкентте жиһаз өндіретін цех пен оған жапсарлас орналасқан дүкеннен шыққан өрт толық сөндірілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға Сасбұқаев көшесінде болған. Өрт туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына ТЖМ бөлімшелері жедел жетіп, алғашқы минуттардан бастап өртті ауыздықтауға кіріскен. Өрт орнында жедел штаб құрылып, үздіксіз су беру ұйымдастырылған.
Нақтыланған ақпаратқа сәйкес, жалын бір қабатты жиһаз цехы мен оның жанындағы дүкенді шарпыған. Өртті сөндіру кезінде цех ғимаратының шатыры опырылып түскен.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 112 қызметіне зардап шеккендер туралы хабарлама түспеген. Өрт толықтай сөндіріліп, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 58 қызметкері мен 22 арнайы техника жұмылдырылды.