Шымкенттік бойжеткен Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу алты айдан бері жалғасып жатыр. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Адвокаттың айтуынша, іс бойынша бірқатар сараптама әлі толық аяқталмаған. Атап айтқанда, Нұрай Серікбайдың ұялы телефонына жүргізілген сараптама қорытындысы дайын болмай отыр. Сондай-ақ бұл сараптама нәтижелерімен жәбірленуші тарап әлі таныспаған.
Күдікті Шерхан Аймаханға қатысты психологиялық-психиатриялық сараптама аяқталған. Бұған дейін ол Талғардағы медициналық орталықта болған, кейін қайтадан Шымкентке жеткізілген. Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр.
Марқұмның туыстары негізгі күдіктімен қатар, оның жақындарын да жауапқа тартуды талап етуде. Қазір іс бойынша «некеге мәжбүрлеу» бабы негізінде тергеу жүргізіліп жатыр. Егер күдіктінің туыстары қызды алып қашуға қатысқаны дәлелденсе, олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Іс алтыншы ай тергеліп жатыр. Тергеудің барысына толық көңіліміз толады деп айта алмаймыз. Нұрайдың телефоны бойынша сараптама әлі аяқталған жоқ. Сонымен қатар күдіктінің туыстарының әрекетіне құқықтық баға беру мәселесі де тергеудің созылуына әсер етіп отыр», – деді адвокат Аянхан Омаров.
Еске салайық, 11 қаңтар күні кешке Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінің маңынан жас қыздың мәйіті табылған болатын. Оның денесінен пышақ жарақаттары анықталған.
13 қаңтарда полиция күдіктіні Шымкент қаласынан шамамен 10 шақырым жерде ұстағанын хабарлады. Кейін сот санкциясымен оның қамауға алынғаны белгілі болды.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, содан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары және бірнеше қызметкер қызметінен босатылды.
Биыл сәуір айында күдіктінің мәжбүрлі емдеуге жіберілгені хабарланған еді. Кейін Сенат кулуарында ІІМ вице-министрі Санжар Әділов сараптама қорытындысы бойынша күдіктінің ақыл-есі дұрыс деп танылғанын мәлімдеді.