Әлеуметтік желіде қазақтың көк байрағын желбіретіп, үлкен сапарға аттанып бара жатқан жас жігіттің видеосы тарады. Бейнежазбадан белгілі болғандай, 2007 жылғы Бейбіт есімді бозбала Шымкент қаласынан шығып, қасиетті Ұмра қажылығына бет алған, дейді Qandastar.kz.
Оның бұл сапары Атырау және Астрахан арқылы жалғаспақ. Жол-жөнекей оған ақтөбелік жерлестері мен ағалары кездесіп, жастығына қарамастан бес уақыт намазын қаза қылмай, имандылық жолын таңдаған жас жігітке шынайы ризашылықтарын білдірді.
18 жасында біз не істеп жүрдік? Мына Бейбітті қараңдаршы, бес уақыт намазда, қазір Атырау арқылы Астраханға, одан әрі Ұмраға кетіп бара жатыр. Алла разы болсын, жолың болсын!
Ақтөбелік жігіттер жас саяхатшыға жол азығын беріп, сәт-сапар тілеп шығарып салды. Желі қолданушылары да жас жігіттің бұл қадамына тәнті болып, сапарының сәтті өтуін тілеуде.