Солтүстік Қазақстан облысында танысын өлтіріп, оның денесін бірнеше күн бойы төсектің астында жасырған әйелге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Qazaqstan Media-ға сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.
Оқиға 27 ақпанда айыпталушының пәтерінде болған. Тергеу дерегінше, әйел кешкі уақытта үйде отын жармақ болып, қолына балта ұстаған. Сол сәтте пәтеріне шақырусыз келген танысы кіріп, арада жанжал туындаған. Әйелдің айтуынша, ер адам мас күйде болып, кетуден бас тартқан.
Сотта ол балтамен соққы жасағанын мойындағанымен, оны әдейі істемегенін айтқан. Алайда тергеу материалдары соққылардың бас тұсына тигенін көрсетіп, бұл әрекет қасақана жасалған деп танылды.
Оқиғадан кейін әйел жедел жәрдем де, полиция да шақырмай, мәйітті жасырып қойған. Осы аралықта ол жұмысқа барып, қалыпты өмірін жалғастырған. Полиция оны бірнеше күннен кейін жұмыс орнынан тапқан.
Сот шешімімен әйел адам өлтіру бабы бойынша кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза қатаң режимдегі колонияда өтеледі. Сонымен қатар сот оның қауіпті рецидив екенін атап өтті және алкоголизмнен емделу міндеттелді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, тараптар апелляция бере алады.