Солтүстік Қазақстан облысында екі адамның және ежелгі жүндес мүйізтұмсықтың сүйектері табылды. Ерекше олжа қала маңындағы Прибрежное ауылының жанынан анықталған, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Жетінші арнаға сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, сүйектер көпір құрылысына қажетті карьер қазу кезінде құрылысшылардың көзіне түскен. Олар бұл туралы полицияға хабарлаған.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, табылған сүйектерге қатысты қылмыстық сипаттағы белгілер жоқ екенін анықтаған.
Белгілі тарихшы әрі археолог Анатолий Плешаков жануардың қаңқасын алдын ала зерттеп үлгерген. Оның болжамынша, сүйектердің бірі біздің заманымызға дейінгі XII мыңжылдыққа дейін өмір сүрген жүндес мүйізтұмсыққа тиесілі болуы мүмкін.
Ал адам сүйектерінің нақты қай кезеңге жататыны әзірге белгісіз. Ғалымдар табылған жәдігерлерді және олардың орналасқан жерін жан-жақты зерттеуді жоспарлап отыр.
«Жүндес мүйізтұмсық біз “мамонттар фаунасы” деп атайтын кезеңге жатады. Бұл – палеолит, яғни мұз дәуірі. Егер мына бас сүйектердің кем дегенде біреуі сол кезеңге тиесілі болып шықса, бұл нағыз сенсация болады. Сондықтан оны толық зерттеу қажет», – деді Анатолий Плешаков.
[embed]https://youtu.be/bETSpreku2A?si=nVlbOWgcfKSazhsl[/embed]