Солтүстік Қазақстан облысында Құрылтай депутаттарын сайлау күні ерекше оқиғалармен есте қалды. Өңірдегі сайлау учаскелерінде жас жұбайлар мен қалыңдық кейпіндегі тұрғындар дауыс беріп, көпшіліктің назарын аударды, дейді Qandastar.kz сайты.
Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласындағы №202 сайлау учаскесіне Даниял Серіков пен Жасмин Серікова үйлену тойына дейін арнайы келіп, өз таңдауларын жасады. Осылайша олар жаңа отбасылық өмірін азаматтық борышын орындаудан бастады.
Сурет: СҚО ӨКҚ
Жас жұбайлардың айтуынша, отбасы құру мен елдің болашағына бейжай қарамау – бір-бірімен тығыз байланысты құндылықтар. Сондықтан олар үшін дауыс беру үйлену күнінің маңызды бөлігіне айналды.
Ал Петропавл қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мектепте орналасқан №611 сайлау учаскесінде тұрғындар ерекше флешмоб ұйымдастырды. Бір топ әйел қалыңдық көйлегін киіп келіп, дауыс берді. Бұл бастама сайлау учаскесінде мерекелік көңіл-күй қалыптастырып, тұрғындардың қызығушылығын тудырды.
Осылайша Солтүстік Қазақстан облысында сайлау күні азаматтық белсенділік пен ерекше мерекелік атмосфера қатар өріліп, ел болашағына таңдау жасау мен жаңа отбасының құрылуының символына айналды.