Солтүстік Қазақстан облысында қызметтік міндетін атқарып жүрген жедел жәрдем медбикесіне күш қолданған ер адам 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп Qandastar.kz хабарлады.
Іс Шал ақын ауданының ауданаралық сотында қаралды. Сотталушыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-3-бабының 3-бөлігі бойынша – қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкеріне қатысты зорлық-зомбылық қолданды деген айып тағылған.
Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 23 маусымда Шал ақын ауданына қарасты Ұзынжар ауылының маңында мас күйде болған ер адам қызметтік міндетін атқарып жүрген жедел жәрдем медбикесіне шабуыл жасаған. Ол жәбірленушіні аяқпен бірнеше рет теуіп, екі қолынан ұстап, дене жарақатын салып, физикалық ауырсыну келтірген.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері құқық бұзушының әрекетін тоқтатқан. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған. Оның кінәсі қылмыстық іс материалдары мен жиналған дәлелдемелер арқылы дәлелденген.
Сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, ер адамды кінәлі деп танып, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеумен 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.