Солтүстік Корея АҚШ-тың Тайваньға қару-жарақ сатуы мен әскери қолдау көрсетуін сынап, Вашингтонды Тайвань бұғазындағы шиеленісті ушықтырды деп айыптады. Бұл туралы Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Солтүстік Кореяның халықаралық мәселелер жөніндегі сарапшысы Ким Мён Чоль АҚШ-тың Тайваньға қатысты саясаты аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретінін айтты.
Ол АҚШ-тан Тайваньға жеткізілген жойғыш ұшақтардың пайда болуын да сынға алды. Сарапшы Вашингтон Қытаймен тікелей текетіреске барудың ықтимал салдарын мұқият ойлауы қажет екенін атап өтті.
Бұған дейін АҚШ-тан тапсырыс берілген 66 F-16V Block 70 жойғыш ұшағының алғашқы екеуі Тайваньға жеткізілген болатын. Тайбэй бұл қару-жарақты Қытай тарапынан туындап отырған әскери қауіпке қарсы қорғанысын күшейту үшін пайдаланады.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын бұған дейін Қытайдың «Біртұтас Қытай» қағидатын толық қолдайтынын мәлімдеген. Ал Пхеньян мен Бейжің әскери және дипломатиялық байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірген.
Сонымен қатар Ким Чен Ын Ресеймен ынтымақтастықты жалғастыратынын мәлімдеді. Ол Ресей президенті Владимир Путинді туған күнімен құттықтап, екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті кеңейтуге дайын екенін айтты.