Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік сала мамандарын қолдау жұмыстары жалғасатынын айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оның сөзінше, соңғы жылдары мұғалімдер, медицина және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді.
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында соңғы үш жылда 1,2 миллионнан астам азаматтың еңбекақысы 50 пайыздан 100 пайызға дейін көбейгенін мәлімдеді.
Президент сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерге тоқталып, 2019 жылдан бері елде шамамен 1300 медициналық нысан пайдалануға берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтаған.
Тоқаев бүгінде азаматтарға нейрохирургиядан бастап репродуктивті медицинаға дейінгі жоғары технологиялық медициналық қызметтердің қолжетімді екенін айтып, ұстаздар мен дәрігерлердің мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.