Сынақ мерзіміндегі қызметкердің қандай құқықтары бар?
Жаңа жұмысқа орналасқан азаматтардың көпшілігі сынақ мерзімінен өтеді. Алайда бұл кезеңде қызметкердің еңбек құқықтары шектелмейді. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі сынақ мерзіміндегі жұмыскерге де еңбек заңнамасының жалпы кепілдіктерін қолданады.
Жұмыс беруші қызметкердің белгілі бір лауазымға сәйкестігін тексеру үшін еңбек шартында сынақ мерзімін белгілей алады. Бұл талап міндетті түрде еңбек шартында көрсетілуі керек. Егер шартта сынақ мерзімі туралы талап болмаса, жұмыскер сынақ мерзімінсіз жұмысқа қабылданған болып есептеледі, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Сынақ мерзімі қанша уақытқа созылады?
ҚР Еңбек кодексінің 36-бабына сәйкес, жалпы жағдайда сынақ мерзімі үш айдан аспауға тиіс. Ал ұйым басшылары, олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ филиалдар мен өкілдіктердің басшылары үшін сынақ мерзімі алты айға дейін белгіленуі мүмкін.
Сынақ мерзімі қызметкердің еңбек өтіліне қосылады. Сонымен қатар жұмыскер жұмыста нақты болмаған кезең сынақ мерзіміне есептелмейді.
Сынақ мерзімінде жалақы төлене ме?
Иә. Сынақ мерзімі кезінде жұмыскерге еңбек заңнамасының нормалары, еңбек шартының және ұжымдық шарттың талаптары қолданылады. Сондықтан «сынақ мерзіміндесің» деген себеппен қызметкердің заңда және еңбек шартында көзделген құқықтарын жоюға болмайды.
Бұл ретте жалақының мөлшері еңбек шартында белгіленетінін ескерген жөн. Сынақ мерзімі өздігінен жалақыны төмендетуге құқық бермейді.
Кімдерге сынақ мерзімі белгіленбейді?
Еңбек кодексінде сынақ мерзімін белгілеуге болмайтын бірқатар жағдайлар бар. Олардың қатарында:
тиісті лауазымға конкурс бойынша қабылданатын адамдар;
18 жасқа толмағандар;
оқу бағдарламасын меңгеріп, алған мамандығы бойынша алғаш рет жұмысқа кіретін және оқуын аяқтағанына бір жылдан аспаған адамдар;
мүгедектігі бар адамдар.
Бұл санаттарға сынақ мерзімін белгілеуге жол берілмейді.
Жұмыс беруші «сынақтан өтпеді» деп жұмыстан шығара ала ма?
Егер сынақ мерзімі кезінде жұмыскердің жұмыс нәтижесі теріс деп бағаланса, жұмыс беруші еңбек шартын бұзуға құқылы. Бірақ ол жұмыскерге еңбек шартын бұзуға негіз болған себептер көрсетілген хабарламаны беруге тиіс. Бұл талап ҚР Еңбек кодексінің 37-бабында көзделген.
Сондықтан қызметкерді тек «ұнамады», «бізге сәйкес келмейді» деген жалпы себеппен емес, оның жұмыс нәтижесіне қатысты нақты негіздермен байланыстыру мәселесі маңызды.
Егер сынақ мерзімі аяқталып, жұмыс беруші еңбек шартын бұзу туралы жұмыскерге хабарламаса, жұмыскер сынақ мерзімінен өткен болып есептеледі.
Сынақ мерзімінде қызметкердің құқықтары бұзылса не істеу керек?
Егер жұмыс беруші еңбек шартын жасамаса, жалақыны төлемесе, еңбек заңнамасының талаптарын бұзса немесе жұмыскерді заңда көзделмеген негізбен жұмыстан шығарса, азамат өз құқықтарын қорғау үшін тиісті мемлекеттік органдарға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Ең бастысы – еңбек шартының көшірмесін, жалақы туралы мәліметтерді, жұмыс берушімен хат-хабарды және өз жұмысына қатысты құжаттарды сақтап қойған жөн.
Сынақ мерзімі – қызметкердің құқықтары жоқ кезең емес. Бұл жұмыс берушіге жұмыскердің біліктілігін бағалауға мүмкіндік беретін еңбек қатынастарының заңмен реттелген кезеңі. Сондықтан жаңа жұмысқа орналасқан азамат еңбек шартын мұқият оқып, өзінің еңбек құқықтарын білуі маңызды.