Қазақстанда отбасылардың материалдық жағдайы арнайы критерийлер арқылы бағаланады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Осыған байланысты А, В, С, D және Е санаттарына бөлінеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев А және В санаттарына кімдер жататынын түсіндірді.
А санатына кімдер кіреді?
Бұл санатқа әл-ауқаты жоғары отбасылар жатады. Оларды анықтау үшін төмендегі белгілердің кемінде екеуі қатар болуы керек:
- отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 356 мың теңгеден басталады;
- жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйі бар;
- ірі бизнесі және люкс санатындағы автокөлігі бар;
- ауыл шаруашылығымен айналысатын болса, 300 гектардан астам жері бар.
Министрліктің мәліметінше, А санатына шамамен 329 мың үй шаруашылығы немесе жалпы санының 5 пайызы жатады.
В санатына кімдер жатқызылады?
Бұл санатқа табысы мен мүлкі белгілі бір деңгейден асатын отбасылар кіреді. Оларды бағалау кезінде мынадай көрсеткіштер ескеріледі:
- отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 305 мыңнан 356 мың теңгеге дейін;
- бір адамға шаққанда 60–120 шаршы метр аумаққа сәйкес келетін бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны;
- премиум санатындағы автокөлік немесе орта бизнес;
- жүк көлігі, ауыл шаруашылығы техникасы;
- 50–300 гектар аралығындағы жер учаскелері.
В санатына шамамен 1 миллион үй шаруашылығы немесе елдегі үй шаруашылықтарының 16 пайызы кіреді.
Қандай отбасылардың жәрдемақы алуына әсер етеді?
Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының тек 14 түріне ғана мұқтаждық критерийі енгізіледі. Олардың қатарында балалы отбасыларға берілетін жекелеген төлемдер, мүгедектікке, күтімге, асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақылар, жерлеуге арналған төлемдер және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар бар.
А және В санатындағы отбасылар үшін осы төлемдерді алу мүмкіндігі шектеледі. Ал С, D және Е санатындағы отбасылар аталған жәрдемақыларды алу құқығын сақтайды.
Қалған 22 түрлі жәрдемақы бұрынғы тәртіппен тағайындала береді.