Алматы облысында күйеуін пышақтап өлтірген әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Істі қараған алқабилер оны адам өлтіруге кінәлі емес деп таныған.
Оқиға 1 мамырда болған. Қоғам белсендісі Дина Таңсәрінің мәліметінше, әйелдің туыстары оның 16 жыл бойы күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін айтқан.
Әйелдің айтуынша, күйеуі оны бірнеше рет ұрып-соққан. Отбасылық өмірі кезінде ол жыныстық жолмен берілетін инфекциядан екі рет емделген.
Қайғылы күннің өзінде ер адам әйеліне қол көтерген. Әйел шыдай алмай үйден қашып шығып, полиция шақыру үшін телефон іздеген. Алайда көмек таба алмай, амалсыздан үйіне қайта барған.
Үйге кіргеннен кейін күйеуі оны тағы да ұрмақ болған. Сол сәтте әйел ас үйдегі пышақты алып, ер адамның кеуде тұсына бір рет сұққан.
Ер адам сол жерде қайтыс болған. Ал әйел оқиғадан кейін өзі полиция мен жедел жәрдем шақырған.
Іс Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Әйелге адам өлтірді деген айып тағылған.
Алайда алқабилер оны кінәлі деп таппады. Сот осы вердикт негізінде ақтау үкімін шығарды.
Сонымен бірге әйелді қамауда ұстауға қатысты бұлтартпау шарасы тоқтатылды.
Марқұмның тарапы талап еткен моральдық және материалдық шығынды өндіру туралы талап та қанағаттандырылған жоқ.