Астанада есірткіні тәттілер мен сәлемдеме арқылы өткізбек болғандар сотталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Таиландтан Қазақстанға есірткі жеткізген екі азамат ұзақ мерзімге түрмеге қамалды. Бірі заңсыз жүкті ұшақпен алып келсе, екіншісі пошта арқылы жіберуді ұйымдастырған.
Астанада есірткі контрабандасы мен заңсыз айналымына қатысы бар екі қазақстандыққа сот үкімі шықты. Екеуі де Таиландтан есірткі жеткізуге тырысқан.
Бірінші жағдайда 20 жастағы бойжеткен ақшалай сыйақы үшін Таиландтан Қазақстанға екі шабадан алып келген. Олардың ішінде жалпы салмағы 4,7 келі каннабис экстракты болған. Есірткіні тәттілер ретінде жасырып өткізбек болғанымен, заңсыз жүк елорда әуежайында анықталып, тәркіленді. Сот оны 16 жылға бас бостандығынан айырды.
Ал 39 жастағы ер адам 2024 жылдың көктемінде Таиландтан Қазақстанға есірткіні пошта арқылы жіберуді ұйымдастырған. Ол тыйым салынған заттарды халық тұтынатын тауарлар ретінде жасырған. Сәлемдемені алуы тиіс үш адам бұған дейін сотталған. Кейін іздеуге жарияланған жіберуші ұсталып, сот алдында жауап берді. Оған 8 жыл түрме жазасы тағайындалды.
Екі іс бойынша да мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады.