Ұлттық экономика министрлігі такси тасымалдаушыларына қатысты хабарлама беру ережесіне өзгерістер енгізді. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.
Жаңа талаптарға сәйкес, енді такси қызметін бастамас бұрын тасымалдаушы жергілікті атқарушы органға міндетті түрде хабарлама жіберуі тиіс.
Сондай-ақ жаңартылған ереже бойынша автопаркке өзгеріс енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни көлік ауыстырылғанда немесе жаңа көлік қосылған жағдайда, тиісті мәліметтерді жаңартуға болады.
Министрлік түсіндіргендей, бұрын тасымалдаушы нақты бір көлікке тіркелмейтін. Бұл жол-көлік оқиғасы болған кезде жолаушыларға немесе үшінші тұлғаларға келген зиян үшін жауапты адамды анықтауды қиындатқан.
Осы себепті енді хабарлама нысаны толықтырылып, онда көліктің маркасы, мемлекеттік нөмірі және шығарылған жылы міндетті түрде көрсетілуі керек.
Ведомствоның айтуынша, бұл өзгерістер такси қызметінің қауіпсіздігін арттыруға, жауапты тасымалдаушыны тез анықтауға және заңсыз жұмыс істейтіндердің үлесін азайтуға бағытталған.