© Sputnik / Наталья Селиверстова
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ-дегі брифингте 2025 жылдан бастап жолаушы тасымалы саласында қандай өзгерістер болатынын айтты, - деп жазады qandastar.kz
Қайсар Сұлтанбаевтың сөзінше, Көлік министрлігімен бірлесіп, тасымалдау қызметін ұсынатын компаниялармен меморандумдарға қол қойылды.
Меморандум аясында жүргізушілерге қойылатын талаптар күшейеді. Оған еңбек пен демалыс режимін сақтау, медициналық тексеруден өту, жолаушы және жүк тасымалы ережелерін сақтау жатады. Интернет-агрегаторлар өз қосымшаларын осы талаптарға сәйкестендіріп жатыр, ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап агрегаторлар тек жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген жүргізушілерге тапсырыс бере алады
Жеке тасымалдаушылар енді:
- күнделікті рейс алдындағы және кейінгі медициналық тексеруден өтуге;
- көлікті күнделікті техникалық тексеруден өткізуге;
- сол жақтан басқарылатын техникалық тұрғыда жарамды көліктерді пайдалануға;
- еңбек пен демалыс режимін сақтауға міндетті болады.
Егер бұл талаптар орындалмаса, интернет-агрегаторлар жеке тасымалдаушыға тапсырыс бермеуге міндетті болады.