Көлік министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 23 маусымдағы бұйрығына сәйкес, республикалық маңызы бар Талдықорған – Өскемен автомобиль жолының бір бөлігі ақылы негізде пайдалануға беріледі. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Ақылы жүйе Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар I-б және II техникалық санаттағы автомобиль жолының Талдықорған – Өскемен учаскесіне енгізіледі. Оған Сарқан қаласы мен Аягөзді айналып өтетін жол, сондай-ақ Мұқыры асуына кіреберіс кіреді.
Балама бағыт ретінде облыстық маңызы бар Талдықорған – Үштөбе – Молалы – Лепсі – Ақтоғай – Таңсық – Аягөз – Қарауыл – Семей және республикалық маңызы бар Семей – Өскемен автомобиль жолдары ұсынылған.
Ақылы учаске 287-шақырымнан басталып, 1073-шақырымға дейін жалғасады. Оның жалпы ұзындығы – 772,955 шақырым. Жол екі бағытта бір және екі қозғалыс жолағымен жабдықталған.
Жолды толық бойымен пайдалану үшін жеңіл автокөліктер алдын ала төлем жасаған жағдайда 101 теңге, кейін төлегенде 118 теңге төлейді.
Ал 16 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін тариф алдын ала төлем кезінде 5035 теңге, кейін төлеу кезінде 5920 теңгені құрайды.
Қалған көлік санаттары үшін де алдын ала және кейін төлеу тарифтері белгіленген. Сонымен қатар жеңіл автокөліктерден өзге көлік түрлеріне жүк көтергіштігіне қарай ай сайынғы абоненттік төлем (2–10 АЕК) және жылдық абонемент қарастырылған.
Жылдық абонемент құны жеңіл автокөліктер үшін 1 АЕК, ал жүк көліктері үшін көлік санатына қарай 20-дан 100 АЕК-ке дейін белгіленген. 2026 жылы 1 АЕК мөлшері 4325 теңгені құрайды.
Аталған бұйрық 2026 жылғы 10 шілдеден бастап күшіне енеді.