Қазақстанның халық әртісі Тамара Асар Құрылтай депутаттығына ұсынылуына қатысты өз пікірін білдірді. Өнер иесі бұл шешімді саясатқа келу емес, халықпен арадағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан байланыстың жаңа кезеңі ретінде бағалайтынын айтты. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.
Әншінің айтуынша, өнер адамы халықтан бөлек өмір сүре алмайды. Ол шығармашылық жолында еліміздің түкпір-түкпірін аралап, үлкен қалалар мен шалғай ауылдарда тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажы мен арман-тілегіне куә болғанын жеткізді.
«Мен – халықтың қызымын. Өнердің де, өмірдің де негізі – халық», – деді Тамара Асар.
Өнер иесі Қазақстан халық партиясының ұстанымы мен бағдарламасы өз көзқарасына жақын екенін атап өтті. Оның сөзінше, партия қатарына барлық мәселенің шешімін білемін деген оймен емес, елдің пікірін тыңдап, тәжірибе жинақтап, қоғаммен бірлесіп жұмыс істеу мақсатында қосылған.
Тамара Асар өмір жолында кездескен қиындықтар адамдарға қолдау көрсету мен жанашырлықтың маңызын терең түсінуге ықпал еткенін айтты. Осыған байланысты ол мүмкіндігі шектеулі жандардың, әсіресе аяқ-қолынан айырылған адамдардың мәселелеріне ерекше назар аударуды көздейтінін жеткізді.
Сөз соңында әнші өзіне сенім білдірген Қазақстан халық партиясына алғыс айтып, халықтың сенімін ақтап, ел игілігі үшін еңбек ету басты мақсаты екенін айтты.