Қазақстанда «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық басталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Осыған байланысты тамыз-қыркүйек айларында ел аумағында қару-жарақ, әскери техника және жеке құрам кезең-кезеңімен оқу өткізілетін аймақтарға жеткізіледі.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскерлер теміржол эшелондары, әскери автокөлік колонналары және майдандық әрі армиялық авиация арқылы тасымалданады.
Оқу-жаттығу Қазақстанның барлық өңіріндегі әскери полигондарда өтеді. Оның мақсаты – Қарулы күштердің қазіргі заманғы жағдайдағы жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын тексеру және әскерлердің өзара іс-қимылын жетілдіру.
Жаттығу барысында құрлықтағы, әуе кеңістігіндегі, теңіздегі және киберкеңістіктегі бірлескен әскери әрекеттер пысықталады.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі тұрғындарды сабыр сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.
Ведомство жалған ақпарат жариялағаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.