Мазмұнға өту
qandastar.

Тараз қаласында мектеп оқушысы биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды

Бақытжан Мұса · · 1 768 қаралым
Тараз қаласында мектеп оқушысы биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды

Тараз қаласындағы №40 гимназия аумағында мектеп оқушысы биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеп хабарлады.

Оқиғаны Жамбыл облыстық полиция департаменті растады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни абайсызда ауыр дене жарақатын келтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалған. Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр, ал тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Ведомство Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 10-сынып оқушысы ғимараттың сыртындағы өрттен эвакуациялау сатысына шыққан. Бейнебақылау жазбаларында оның баспалдақ қоршауында отырғаны байқалады, кейін тепе-теңдігін жоғалтып, құлап кеткен.

Оқушы оқиға орнынан облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оған бас-ми жарақаты, оң жақ сан сүйегінің және бұғана сүйегінің сынуы, сондай-ақ ішкі мүшелерінің зақымдануы диагнозын қойған. Қазіргі таңда жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы өте ауыр деп бағалануда.

Бөлісу: Telegram WhatsApp