Таразда бес баланың анасы босанғаннан кейін ауыр жағдайда жатып, қайтыс болды. 37 жастағы Ұлбосын Қарасаева 12 күн комада болған. Оның отбасы медициналық көмек көрсету кезінде заң бұзушылықтар болуы мүмкін деп күдіктеніп, толық тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Марқұм Рысқұлов ауданындағы Тұрар ауылынан Жамбыл облыстық перинаталдық орталығына бесінші баласын дүниеге әкелу үшін келген. Ол сау ұл баланы босанғанымен, араға екі күн салып дене қызуы көтеріліп, жағдайы күрт нашарлаған.
Туыстарының айтуынша, әйелге бірнеше ауыр диагноз қойылып, бір айға жуық уақыт ішінде бес рет ота жасалған. Дәрігерлер оның жатырын, көкбауырын алып, кейін асқазанына да хирургиялық араласу жүргізген. Соңғы күндері ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Ұлбосынның отбасы дәрігерлер кесар тілігін жасауды талап еткенін және жоспарланған операция үшін ақша сұралғанын мәлімдеді. Сондай-ақ олар әйел ауруханада қауіпті инфекция жұқтырған болуы мүмкін деген күдік білдіріп отыр.
Ал перинаталдық орталық өкілдері медициналық құпияға байланысты өлім себебін жарияламады. Мекеме басшылығы босану үдерісі күрделі болғанын, алайда науқасқа барлық қажетті медициналық көмек көрсетілгенін айтты.
Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдай бойынша арнайы тексеру жүргізілетінін хабарлады. Медициналық және фармацевтикалық қызмет сапасын бақылау комитеті де тергеу бастайды. Ана өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Ұлбосын Қарасаеваның отбасы медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп отыр. Айта кетейік, бұл перинаталдық орталықта соңғы алты айдағы екінші ана өлімі. Бұған дейін қаңтар айында 30 жастағы Салтанат Нышанбай осы орталықта көз жұмған болатын.