Маңғыстаудағы Бекет Ата, Шопан Ата, Қараман Ата, Шақпақ Ата және Сұлтан Үпі жартас мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне ресми түрде енгізілді. Бұл тарихи шешім Пусанда өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында қабылданды, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат агенттігі.
Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қарин бұл киелі орындардың халықаралық тізімге енуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасы мен қолдауының арқасында жүзеге асқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл — ел тарихындағы өте маңызды оқиға. Себебі ұлттық мәдени мұра нысаны ЮНЕСКО-ның бұл беделді тізіміне соңғы рет осыдан 22 жыл бұрын енгізілген болатын. Кезінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 2003 жылы, ал Таңбалы петроглифтері 2004 жылы қосылған еді.
Мәдени мұраны дәріптеу бағытындағы жұмыс соңғы жылдары қайта жанданды. Нақтырақ айтқанда, 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Маңғыстаудың тасқа қашалған мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне қосу бойынша тиісті тапсырма берген болатын.
Бұған дейін Президент ЮНЕСКО тізіміне енгізілетін ұлттық номинациялар аясын кеңейтуді міндеттеген еді. Соған сәйкес, алдағы уақытта толығымен ағаштан соғылған Жаркент мешітін, Алматыдағы Вознесенск кафедральды соборын, Қаратау петроглифтерін және Абайдың "Қара сөздерін" осы халықаралық тізімге енгізу мақсаты қойылып отыр.