Ташкентте футбол турниріне қатысу үшін барған қазақстандық жасөспірімдер мен оларды ертіп жүрген ересектер ауруханаға түсті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қазір дәрігерлер 17 адамға медициналық көмек көрсетіп жатыр. Бұл туралы Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мәлімдеді.
Елші Ташкенттегі медициналық мекемеге арнайы барып, ауруханаға жатқызылған азаматтардың жағдайымен танысқан.
Елшілік дерегінше, ауруханаға түскен 17 адамның 11-і – бала. Қалған алтауы – ересек адам. Қазіргі уақытта барлығының жағдайы тұрақты. Дәрігерлер қажетті медициналық көмекті толық көлемде көрсетіп жатыр.
Оқиға туралы ақпарат түскен сәттен бастап Қазақстанның Өзбекстандағы консулы да ауруханада жүр. Ол зардап шеккен азаматтармен және медицина қызметкерлерімен байланыста.
Жағдай министрлердің бақылауында
Қазақстандық балалардың денсаулығына қатысты жағдай екі елдің құзырлы органдарының ерекше бақылауына алынған. Атап айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлері, сондай-ақ Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі оқиғаның мән-жайын бақылап отыр.
Еске салайық, бұған дейін Ташкентке Dostlik Cup 2026 турниріне қатысу үшін барған қарағандылық жас футболшылардың ауруханаға түскені хабарланған болатын. Алдын ала тараған ақпаратта балалардың тамақтан уланған болуы мүмкін екені айтылған еді.
Алайда уланудың нақты себебі әзірге ресми түрде нақтыланбаған.