Мазмұнға өту
qandastar.

Ташкентте ауруханаға түскен қазақстандық балалардың жағдайы жақсарды

Малика Хамит
Ташкентте ауруханаға түскен қазақстандық балалардың жағдайы жақсарды

Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол турниріне қатысу үшін барған қазақстандық балалар мен ересектердің денсаулығына қатысты жаңа мәлімет жарияланды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатқан азаматтардың жағдайы тұрақты, дәрігерлер олардың сауығуында оң динамика бар екенін айтады.

2 қараша күні кешкі сағат 17:00-де Ташкенттегі №5 қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына тағы бір бала жеткізілді. Осылайша, медициналық мекемелерге түскен Қазақстан азаматтарының жалпы саны 18 адамға жетті. Олардың 12-сі – бала, алтауы – ересек адам.

3 қарашадағы мәлімет бойынша, емдеу курсынан өтіп, денсаулығы жақсарған 10 адам ауруханадан шығарылды. Олардың алтауы – бала, төртеуі – ересек адам.

Қазіргі уақытта Қазақстанның сегіз азаматы Ташкенттегі медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр. Олардың арасында алты бала және екі ересек адам бар. Дәрігерлер пациенттердің жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп, білікті мамандардың бақылауына алынған.

Өзбекстан тарапы қазақстандықтарға көмек көрсетіп жатыр

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің мәліметінше, көрші елдің денсаулық сақтау саласының өкілдері зардап шеккен азаматтарға қажетті жағдай жасауға атсалысқан.

Атап айтқанда, Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олим Омонов, Ташкент қаласы әкімінің орынбасары Дурдона Рахимова және қалалық денсаулық сақтау бас басқармасының басшысы Ботир Исабеков медициналық көмекті ұйымдастыруға тікелей қатысқан.

Жағдай Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжановтың тұрақты бақылауында. Елшінің қатысуымен ауруханада ем қабылдап жатқан азаматтардың жағдайына қатысты дәрігерлер консилиумы да өткізілді.

Мамандар жас футболшылардың денсаулығында оң өзгерістер байқалып отырғанын атап өтті. Ал ішек инфекциясының қоздырғыштарын анықтау үшін жүргізілген ПТР зерттеулерінің түпкілікті нәтижелері 3 қараша күні кешке дайын болуы тиіс еді.

95 қазақстандықтың 12-сі Өзбекстанда қалды

Сонымен қатар Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің қолдауымен 13 азамат елге оралды. Осылайша, спорттық жарысқа қатысу үшін Ташкентке барған Қазақстанның 95 азаматының 12-сі әзірге Өзбекстан аумағында қалып отыр.

Олардың сегізі ауруханада емделіп жатыр. Қалған азаматтардың елде қалу себептері нақтыланбаған.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та елге оралып жатқан азаматтарды күтіп алуды ұйымдастыруға қолдау көрсетуде. Сонымен қатар олардың өңірдегі медициналық мекемелерде тексеруден өтуі қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрліктері тұрақты байланыста болып, жағдайды бірлесіп бақылауда ұстап отыр. Қазақстан елшілігі де азаматтардың денсаулығын қадағалап, емделуі мен елге оралуына қажетті көмек көрсетуді жалғастыруда.

Бөлісу: Telegram WhatsApp