Өзбекстан астанасы Ташкентке футбол жарысына барған қазақстандық жас спортшылардың бірнешеуі бір күнде ауруханаға түсті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қазір балалардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.
Оқиға 31 қазанда болған. Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, балалар қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін өздерін жайсыз сезіне бастаған. Бір тәулік ішінде медициналық көмекке жүгінгендердің саны 15-ке жеткен.
Ата-аналардың айтуынша, таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген сегіз баланың денсаулығына шағым болмаған. Алайда балалардың неден уланғаны немесе сырқаттанғаны әзірге ресми түрде нақтыланған жоқ.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ташкентте өтіп жатқан Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысқан бірқатар қазақстандық баланың денсаулығы күрт нашарлағанын растады.
Министрліктің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің хабарлауынша, медициналық көмек қажет болған барлық қазақстандық Өзбекстандағы мамандандырылған медициналық мекемелерге жеткізілген.
«Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деді ол.
Қазір Қазақстанның дипломатиялық өкілдері балалардың ата-аналарымен және емдеу мекемелерімен тұрақты байланыста. Жағдай министрліктің бақылауына алынған.