Алматы облысында тауға көтеріліп бара жатқан жасөспірімнің денсаулығы сыр беріп, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге тура келді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға Қарасай ауданындағы «Космостанция» мен «Турист» шыңы арасындағы бағытта болған. Жасөспірім биіктікке көтерілген кезде өзін жайсыз сезініп, одан тау ауруының белгілері байқалған. Жағдайы нашарлағандықтан, ол өздігінен төмен түсе алмаған.
Оқиға орнына ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің мамандары жіберілді. Құтқарушылар жасөспірімді маршруттың бойынан қарсы алып, жағдайын тексерді.
Одан кейін оны қауіпсіз жерге дейін тау соқпағымен төмен түсіріп, медициналық көмек көрсету үшін Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырды.
Мамандар жасөспірімге қажетті медициналық тексеру жүргізіп, әрі қарайғы көмекті ұйымдастырды.