Мазмұнға өту
qandastar.

Таяу Шығыстан эвакуация: Үкімет шығын көлемін нақты айта алмады

Малика Хамит · · 703 қаралым
Таяу Шығыстан эвакуация: Үкімет шығын көлемін нақты айта алмады

Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы кезінде Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға кеткен жалпы шығын көлемін нақты есептеу мүмкін емес.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды

порталы.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев Ирандағы әскери операциялар кезінде Таяу Шығыста қалып қойған қазақстандық туристерді елге қайтаруға бюджеттен қанша қаражат жұмсалғанын сұрап, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын.

Үкімет басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қақтығыс аймақтарынан азаматтарды елге қайтару бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған.

Эскалация басталған сәттен бастап уәкілетті органдардың жәрдемімен қақтығыс орындарынан елімізге 66 рейс ұйымдастырылды, оның ішінде 27 рейстің шығыны республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін болады. Қалған 39 коммерциялық рейске билеттерді азаматтар өздері сатып алды. Коммерциялық рейстерді басқа елдердің де әуе компаниялары орындағанын ескерсек, эвакуацияға жұмсалған шығындардың жалпы сомасын анықтау мүмкін емес
деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің мәліметінше, дағдарыс жағдайларында шетелдегі Қазақстан азаматтарын эвакуациялау үшін Сыртқы істер министрлігінің арнайы бюджеттік бағдарламасы аясында қаражат қарастырылған.

Сонымен қатар эвакуациялау және орналастыру жұмыстарына Туристік Қамқор қоры да қатысқан. Қор ұйымдастырылған туристерге қолдау көрсеткен.

Ұйымдастырылған туристер — бұл Кепілдендіру жүйесіне қатысушы туроператорлардан тур сатып алған, туристік код берілетін тұлғалар. Туристік код туристің Кепілдендіру жүйесі аясында қорғалатынын растайды. Таяу Шығыс аумағындағы жағдай ушыққан кезде онда туристік коды бар Қазақстан Республикасының 4 000-ге жуық ұйымдастырылған турисі болған. Жүйе әкімшісі туроператорлармен бірлесіп шамамен 3 000 ұйымдастырылған туристі орналастыру орындарымен қамтамасыз етіп, тамақтандырды. Сонымен қатар оларды кейін эвакуациялық және репатриациялық рейстермен жөнелту үшін әуежайларға жеткізу мәселесі үйлестірілді
деді Үкімет басшысы.
Бөлісу: Telegram WhatsApp