Премьер-министр Олжас Бектенов науқастарға мемлекет есебінен сатып алынған дәрі-дәрмекті уақытында жеткізуді талап етті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Енді медициналық ұйымдардағы препараттардың қозғалысы толық цифрлық бақылауға алынуы тиіс.
Үкімет отырысында Премьер-министр дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесін цифрландыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, мемлекет қажетті дәрі-дәрмекті сатып алғанымен, кейбір науқастар оны уақытында ала алмай немесе өз ақшасына сатып алуға мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі. Бұған жол беруге болмайды.
Қазір электрондық рецепт жазу және дәріні пациентке бергенін цифрлық растау жүйесі кеңейіп келеді. Атап айтқанда, «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үлесі 80 пайыздан асқан.
Бектенов бұл жүйені одан әрі жетілдіру қажет екенін айтты. Оның көмегімен дәрілердің есебін жүргізіп қана қоймай, әр науқастың өзіне тиесілі препаратты нақты алғанын бақылауға болады.
Сонымен қатар дәрі тапшылығын алдын ала анықтап, қажет болған жағдайда препараттарды медициналық ұйымдар арасында жедел қайта бөлу маңызды. Бұл науқастардың емделуіне кедергі келтірмеуге мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің айтуынша, дәрілік заттарды таңбалау жүйесі де оң нәтиже беріп отыр. Ол 2024 жылдан бастап енгізілген. Енді осы тетік арқылы препараттардың қайда жеткізілгенін, қанша қалғанын және дәрі-дәрмек айналымында қандай да бір заңбұзушылық бар-жоғын бақылауға болады.
Осыған байланысты Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне бірқатар тапсырма берді:
дәрі-дәрмек науқастың қолына тигенге дейін оның қозғалысын толық цифрлық бақылауға алу;
дәрілердің белгіленген шекті бағадан қымбат сатылмауын қадағалау;
бюджет қаражатын жымқыру әрекеттеріне жол бермеу;
тегін берілуі тиіс дәрілердің заңсыз сатылуына тосқауыл қою үшін таңбалау жүйесін пайдалану.
«Науқас адам өзіне қажетті дәрі-дәрмекті міндетті түрде әрі дер кезінде алуы керек. Бұл жұмыстың басты нәтижесі де – осында», – деді Үкімет басшысы