Мазмұнға өту
qandastar.

«Тегін өңдеу» тегін емес: Экономист жаңа мыс зауыттарын кім қаржыландыруы керегін айтты

bahitzhanabzal · · 15 қаралым
«Тегін өңдеу» тегін емес: Экономист жаңа мыс зауыттарын кім қаржыландыруы керегін айтты

Қазақстанда салу жоспарланып отырған екі мыс балқыту зауытына қаржыны жеке бизнес салуы керек. Ал мемлекеттің міндеті өңдеуге қолайлы тариф пен тұрақты ереже қалыптастыру, деп есептейді экономист Айдархан Құсайынов.

Ол Facebook-тегі жазбасында әрқайсысы жылына 300 мың тонна катодты мыс шығаратын екі зауыт туралы пікір білдірді. Екі жобаның жалпы қуаты 600 мың тонна болмақ.

Құсайыновтың оқырманы Қытайда жедел мәмілелер нарығында мыс өңдеу ақысы кейде тоннасына нөл долларға түсетінін айтқан. Алайда экономист мұндай бағаға қарап шешім қабылдауға болмайды дейді.

Концентратты өңдегенде көптеген қосымша пайдалы компонент шығады. Негізгі металды “тегін өңдеп”, қалғанын өзіне алып қалуы мүмкін. Бұл тегін емес, “маған металл, қалғаны саған” деген қағида», деп жазды ол.
Дәйексөз

Бұған қоса, концентрат құрамындағы бір тонна металды тасымалдау сол металды дайын күйінде жеткізуден қымбатқа түседі. Экономист бұл айырманы өңдеу тарифіне қосып есептеуді ұсынады. Оның пікірінше, қысқа мерзімде құбылатын бағалар инвестицияны жоспарлауды қиындатады, ал шетелдік зауыттардың артық қуаты есебінен бағаны төмендетуі Қазақстанның ұзақ мерзімді мақсатын өзгертпеуі керек.

Қажетті металды бөліп ала алмасаң, оған ие болып отырған жоқсың, өзгелерге қызмет көрсетіп отырсың», дейді Құсайынов.
Дәйексөз

Ол мұнай мен газ өңдеу зауыттарының жағдайы бөлек екенін айтады. Ішкі баға төмен әрі реттелетіндіктен, жаңа зауыттар мұнай өндірушілердің шығынын арттырады деп есептейді. Жазбасында ТШО, Қашаған және Қарашығанақтың мұндай міндеттемелерге қарсылығын атап, алдымен ішкі нарықты өзгерту қажет деген пікір білдірген.

Ал концентрат пен дайын металл әлемдік бағамен экспортталатындықтан, мыс өңдеуге кен өндірушілер де, металл тұтынушылар да, металлургтер де инвестиция сала алады дейді ол.

Энергетикада тарифтерді төмендетіп, ұстап тұрумен әуестендік, енді соның құнын қымбат төлеп жатырмыз. Сабақ алу керек», деп түйіндеді экономист.
Дәйексөз
Бөлісу: Telegram WhatsApp