Темір жол маңында қараусыз жүрген мал пойыз қозғалысына қауіп төндіріп қана қоймай, иелеріне де қомақты айыппұл салынуына себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.
ҚТЖ мұндай жағдайлардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жауапкершілікті арттыруды ұсынып отыр.
Компанияның мәліметінше, жыл басынан бері әкімдіктер және көлік полициясымен бірлесіп 1,3 мыңға жуық түсіндіру кездесуі өткізілген. Оларға шамамен 34 мың адам қатысқан.
Сонымен қатар 52 мыңнан астам мал иесі мал жаю және жануарларды темір жол арқылы айдап өту талаптарымен таныстырылған. Соған қарамастан, ережені бұзған 378 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесі де байқалады. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында пойыздардың малды басып кетуіне байланысты 584 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі 648 жағдайдан аз.
Алайда ҚТЖ мәселенің әлі де өзекті екенін атап өтті. 2025 жылдан бастап бұл құқық бұзушылық үшін ескерту жасау алынып тасталған. Қазір бірінші рет бұзғандарға 5 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК айыппұл салынады.
Енді ҚТЖ айыппұл мөлшерін тағы да арттыруды ұсынып отыр. Компанияның бастамасы қолдау тапса, бірінші құқық бұзушылық үшін 10 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК айыппұл салынуы мүмкін.
ҚТЖ мал иелерін жануарларды темір жол маңында қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.