Әлеуметтік желілерде бокстан әлем чемпионы Теміртас Жүсіповке қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ақпарат тарады. Аталған жағдайға байланысты Ақмола облысы полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада өзін зардап шеккен әйелдің әпкесі ретінде таныстырған қолданушы Теміртас Жүсіпов жұбайына күш қолданғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, оқиға 29-30 маусым немесе 1 шілде күндері болған.
Жазба авторының сөзінше, әйел ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Медициналық қорытындыда асфиксия, бастың ашық жарақаты, талма және бас миының ісінуі сияқты диагноздар көрсетілгені айтылған. Сондай-ақ оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғаны мәлімделген.
Бұдан бөлек, жазбада жәбірленушіге босап шыққаннан кейін де қоқан-лоқы жасалғаны, ажырасқан жағдайда оны өлтіремін деп қорқытқаны және балаларын тартып алу үшін психикалық жағдайына күмән келтіруге әрекеттенгені туралы айтылған.
Өз кезегінде Ақмола облысы полиция департаменті адам денсаулығына қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Полицияның мәліметінше, 30 маусым күні Көкшетауда отбасылық жанжал барысында әйел адамның денесіне жарақат салынғаны анықталған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша іс-әрекетке құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлға заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.