Теміртауда көпқабатты тұрғын үйде шыққан өрт кезінде жеті адам эвакуацияланды.
Олардың төртеуі – балалар, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Оқиға Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы 6-ықшамауданда орналасқан бес қабатты тұрғын үйде болған. Үйдің бірінші қабатындағы пәтерде жиһаз бен тұрмыстық техника өртенген.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар баспалдақ арқылы тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып, жалпы саны жеті адамды, оның ішінде төрт баланы эвакуациялады.
Өртті сөндіру барысында мамандар пәтер ішінен газ баллонын алып шыққан. Бұл ықтимал жарылыс қаупінің алдын алуға мүмкіндік берген.
ТЖМ мәліметінше, өрт қысқа уақыт ішінде толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Алдын ала болжам бойынша, өрт балалардың отпен ойнауынан шыққан. Бастапқы мәліметтерге сәйкес, пәтер асүйінде газ баллонына қосылған электр плитасы болған. Анасының айтуынша, кіші ұлы плитаны қосқаннан кейін оның беті қыза бастаған. Осы кезде бала қағаз немесе басқа да тез тұтанатын заттарды тұтатуға әрекет жасаған.
Соның салдарынан ашық жалын пайда болып, қорқып кеткен бала жанып тұрған затты еденге тастап жіберген. Нәтижесінде кілем тұтанып, өрт шыққан. Кейін ол бөлмеден жүгіріп шығып, ағасы мен атасын оятып үлгерген.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Төтенше жағдайлар қызметі ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
[video width="1080" height="1920" mp4="https://qandastar.kz/wp-content/uploads/2026/06/1780459858070.mp4"][/video]