Теміртау қаласында көпқабатты тұрғын үйдегі өрт кезінде үш адам құтқарылды. Оқиға 9-шағынаудандағы 10 қабатты үйдің 8-қабатында болған. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, пәтерде тұтанған өрт туралы хабар түскен соң оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел жетіп, тілсіз жауды ауыздықтауға кірісті.
Құтқарушылар арнайы құтқару қалпақтарын пайдаланып, баспалдақ арқылы түтінге толған ғимараттан үш адамды қауіпсіз жерге алып шықты.
Өрт 25 шаршы метр аумақты шарпыған. ТЖМ қызметкерлері жалынды толық сөндірді. Сонымен қатар, жану өнімдерінен улану белгілері байқалған бір адам көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.