«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мердігерлерге алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Компанияның мәліметінше, соңғы уақытта белгісіз адамдар өздерін ұлттық компаниямен байланысы бар делдал ретінде таныстырып, ақшаға жол жобаларын алып беруге, жұмыс көлемін бөлуге немесе тендер нәтижесіне ықпал етуге уәде беріп жүр.
Кейбір жағдайда олар алдын ала ақша талап етіп, әрекеттерін компания басшылығымен келісілгендей көрсетеді.
Алайда «ҚазАвтоЖол» мұндай адамдардың компанияға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ұлттық компания басшылығы мен қызметкерлері ешкімге жобаларды алып беру немесе сатып алу рәсімдеріне араласу бойынша өкілеттік бермеген.
Компания барлық сатып алу рәсімдері заң талаптарына сәйкес ашық өткізілетінін, ал конкурсқа қатысты ақпарат тек мемлекеттік сатып алу порталында жарияланатынын еске салды.
Сондай-ақ ұлттық компания мұндай ұсыныстарға келіскен немесе ақша берген азаматтар да құқықтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.
«ҚазАвтоЖол» күмәнді ұсыныстар түскен жағдайда ешқандай ақша бермеуге, бейресми келіссөздерге қатыспауға және бұл туралы компанияның комплаенс қызметіне дереу хабарлауға шақырды.