Доллардың әлсіреуі салдарынан қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы инвестициялық табысы төмендеді. Бұл жағдайдың себептерін Сенаттағы брифингте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндірді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеме жасап.
Журналистер зейнетақы қорының қанша шығынға ұшырағанын сұраған кезде, Молдабекова бұл жағдайды тікелей шығын деп қарастыру дұрыс емес екенін айтты. Оның сөзінше, қор активтерінің шамамен 40%-ы валюталық әртараптандыру мақсатында шетел валютасына орналастырылған. Ал жыл басынан бері теңге долларға шаққанда шамамен 5,5%-ға нығайған.
Осы өзгерістердің нәтижесінде зейнетақы активтерінің кірістілігі төмендеген. Атап айтқанда, наурыз айында инвестициялық табыс көлемі шамамен 240 миллиард теңгеге қысқарған.
Сонымен қатар Ұлттық банк өкілі жалпы алғанда жыл басынан бері инвестициялық табыс оң деңгейде сақталғанын атап өтті. Оның айтуынша, зейнетақы жинақтарының тиімділігін қысқа мерзімде бағалау дұрыс емес, себебі бұл ұзақ мерзімге арналған қаржы. Сондықтан негізгі назар ұзақ мерзімді кірістілікке аударылуы тиіс.