Үкіметтің кезекті отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің есебін қатаң сынға алды, деп хабарлайды
порталы.
Жиында энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ұлттық жобаның іске асырылу барысы қаралды.
Қаржыландыру рәсімдерін кешіктірген өңірлердің қатарында Алматы облысы да аталды.
Премьердің айтуынша, аймақта ұлттық жоба аясындағы бірқатар келісімшарттар әлі күнге дейін жасалмаған.
Өз кезегінде облыс әкімі өңірде жалпы құны 62,9 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтты. Оның сөзінше, жобалардың басым бөлігін «Самұрық-Қазына» құрамындағы «Алатау жарық компаниясы» іске асырады, ал жергілікті атқарушы органдар төрт жоба бойынша мердігерлермен келісімшарт жасап үлгерген.
Сондай-ақ әкім су бұру саласындағы екі жоба бойынша конкурстың қорытындысы прокуратураның ұсынысымен күшін жойғанын, жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын және жаңа конкурстардың нәтижесі тамыз айының соңында белгілі болатынын жеткізді.
Алайда бұл түсініктеме Премьер-министрді қанағаттандырмады.
Сізді тыңдасақ, сізден басқа бәрі кінәлі. Тездетіңіздер
Әкім жұмыстың жартысы орындалғанын айтып жауап бергенімен, Премьер оның сөзін «Отырыңыз» деп қысқа қайырды. Осылайша Үкімет басшысы ұлттық жобалардың орындалуын созбалаңға салуға жол берілмейтінін тағы бір мәрте ескертті.