«The Finiko» қаржы пирамидасының халықаралық іздеуде жүрген басшысы Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Күдікті 2022 жылдан бері іздеуде болған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен және Интерполдың Ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, оны Түркиядан елге қайтарған.
Тергеу мәліметінше, «The Finiko» нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметпен айналыспаған. Құрылымда бұрынғы салымшыларға төлем жасау үшін жаңа қатысушылардан түскен ақша пайдаланылған.
Яғни, жаңа салымшылардың қаражаты бұрын ақша салған адамдарға беріліп отырған. Осы арқылы ұйымдастырушылар табыс тұрақты түсіп жатқандай әсер қалыптастырып, азаматтарды одан әрі ақша салуға ынталандырған.
Күдіктінің әрекетінен салымшыларға келтірілген залал 160 млн теңгеден асқан.
Сонымен қатар сотқа дейінгі тәркілеу барысында күдіктіге тиесілі құны 221 млн теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне өткізілді.
Бұл іс бойынша бұған дейін тағы үш адам сотталған. Олардың мүлкі тәркіленіп, әрқайсысы 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.
Қазір тергеу жалғасып жатыр.