Мазмұнға өту
qandastar.

TikTok-та балағат сөз айтқан стримерлер жаппай жазаланып жатыр: 20-дан астам адам жауапқа тартылды

Малика Хамит · · 37 қаралым
TikTok-та балағат сөз айтқан стримерлер жаппай жазаланып жатыр: 20-дан астам адам жауапқа тартылды

Ішкі істер министрлігі интернет пен әлеуметтік желілердегі заңсыз контентке қарсы бақылауды күшейтті.

Ведомствоның мәліметінше, республика бойынша заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

Министрліктің хабарлауынша, кейбір блогерлер мен стримерлер қаралым, лайк және донат жинау мақсатында тікелей эфир барысында балағат сөз айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлаған. Мұндай контенттің кәмелетке толмаған балалардың да еркін көруіне қолжетімді болуы ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.

Шымкентте 48 жастағы тұрғын TikTok-тағы тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Ал Талдықорғанда 44 жастағы әйел әлеуметтік желідегі эфир барысында қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан. Бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасаған ол бұл жолы әкімшілік айыппұлмен жазаланды.

Павлодарда 26 жастағы ер адам көлік жүргізіп отырып TikTok-та тікелей эфирге шыққан. Ол қауіпсіздік белдігін тақпай, былапыт сөздер айтқан. Сот оны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Сондай-ақ Түркістан қаласында TikTok-та "bayan_kyz", "fatima.sh0000" және "fatima_s003" аккаунттарымен танылған азаматша да жауапкершілікке тартылды. Тергеу мәліметінше, ол эфир барысында бейәдеп сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткен. Сот оған әкімшілік айыппұл салды.

[embed]https://youtu.be/DfCInOUGulc?si=SusqibSeR6jB0fAv[/embed]

ІІМ цифрлық кеңістікте заңсыз контенттің таралуына қарсы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, заң талаптары интернетте де, күнделікті өмірде де барлық азамат үшін бірдей міндетті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp