Семейде TikTok арқылы тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтқан 53 жастағы әйелге қатысты полиция шара қолданды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ол бұған дейін де осындай әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Абай облысының полицейлері әлеуметтік желіні бақылау барысында әйелдің тікелей эфирін анықтаған. Эфир кезінде ол әдепсіз сөздер айтып, қоғамдық тәртіпке қайшы әрекет жасаған.
Құқық қорғау органдары әйелдің жеке басын анықтады. Белгілі болғандай, ол тамыз айында да осыған ұқсас құқықбұзушылық жасаған. Сол кезде сот оған әкімшілік қамақ жазасын тағайындаған.
Бұл жолы тәртіп сақшылары оның үйіне жедел жәрдем қызметкерлерімен бірге барған. Сонымен қатар әйелмен бірге тұратын азаматтан да шағым түскені белгілі болды.
Нәтижесінде 53 жастағы тұрғын үш ай мерзімге психикалық денсаулық орталығына мәжбүрлі түрде жатқызылды.